20 қыр, 2021 сағат 15:00

Пермь университетінде студент 6 адамды атып өлтірді


Ресейдің Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінде атыс шығарған белгісіз ер адам ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" РИА Новостиге сілтеме жасап.

Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, 20 қыркүйекте Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университеті ғимараттарының бірінің аумағында студент атыс шығарған. 

Нәтижесінде 5 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алғаны жарияланды. 

"Пермь университетінің аумағында студент оқытушылар мен тәлімгерлерге оқ жаудырып, салдарынан 6 адам қаза тапты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы нақты деректер анықталып жатыр.

Күдіктінің жеке басы анықталды. Ол қамауға алу кезінде қарсыласуына байланысты жараланды. Тергеу күдікті туралы материалдар жинап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды", - делінген хабарламада.




Жоғары оқу орнының сайтында аудиторияларды іштен іліп алып, сонда отыруға шақырған жедел хабарлама жарияланды. Дегенмен студенттер мен оқытушылардың бір бөлігі терезеден секіріп, ғимараттан қашып шыққан.

Қылмыстық іс "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеледі.

Еске сала кетейік, 11 мамырда Ресейдің Қазан қаласында 19 жастағы Ильназ Галявиев, тергеу мәліметі бойынша, №175 гимназияда оқ жаудырып, жарылыс жасап, жеті бала мен екі мұғалімді өлтірді, тағы 24 адам жарақат алды.