Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында педофилді соққыға жыққан полицей кепілзат төлеп, бостандыққа шықты, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Полиция сержантының туған-туыстарынан кепіл төлеу туралы өтініштің түсуіне байланысты арнайы прокурор оны уақытша қамау абақтысынан босату туралы шешім қабылдады. Алайда ҚР Қылмыстық кодекстің 362-бабы - "Қызмет бабын асыра пайдалану" бойынша қозғалған істі тергеу амалдары аяқталғанша полицей бостандықта жүре алады. Оған Сәтпаев қаласынан тыс жерге шығуға болмайды. Сондай-ақ ойын-сауық орындарына баруға рұқсат жоқ. Ал тергеуші шақырса, бірден келуі тиіс", - дейді Қарағанды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Осы іске қатысты бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталған 50 жастағы азамат сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанша екі айға қамалды.
Айта кетейік, 23 шілде күні 40 жастағы Сәтбаев тұрғыны 5 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатын. Сол күні полиция қызметкерлері 50 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, оның жатын бөлмесінен 5 жастағы бүлдіршін табылды.
Тергеу барысында педофил бүлдіршін қызға зорлық көрсету үшін оны алдағанын мойындады. Ол өз кінәсін мойындағаннан кейін тергеуші құжаттарын алып кабинеттен шығып кетеді. Сол кезде бөлмеде күдіктімен бірге қалған сержант лауазымындағы қарауылдардың бірі өзін ұстай алмай күдіктіні соққыға жыққан.