20 жел, 2021 сағат 13:55

Пайдаланудан шығарылған көліктердің иелеріне қатысты салық рақымшылығын жүргізу ұсынылды


Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пайдаланудан шығарылған көліктердің иелеріне қатысты салық рақымшылығын жүргізу ұсынылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет сағатында депутат Жұлдыз Сүлейменова көлік салығына қатысты проблемаға тоқталды. 

«Қаржы министрі өзінің баяндамасында «Е-Salyq-Azamat» қосымшасының басымдықтары туралы атап өтті. Министрлік ақпаратына сәйкес, 2020 жылы «Е-Salyq-Azamat» қосымшасы енгізілген сәттен бастап 10 мыңнан астам жеке тұлға көлік салығын түзетуге өтінім берген. Өтінімдердің негізгі дені салықтың дұрыс емес сомаларын көрсету, салық салу нысандары жоқ адамдарға берешектері жөнінде талап қою және басқа да сұрақтарды қамтыған. Бұл ретте орын алған ақаулар, іркілістер туралы сұрағанымызда қос министрлік дербес негізде ешқандай қателік жоқ екенін айтады. Мысалы, Ішкі істер министрлігі өз тарапынан барлық деректер уақытылы әрі дұрыс енгізілген деп көрсетеді. Ал Қаржы министрлігі өз есептеулерінде қателіктер жоқ екенін алға тартуда. Осы екі ведомство бір-біріне сілтеуі нәтижесінде, көлік салығы проблемасы әлі де орынды шешілмей отырғанын атап өткіміз келеді. Сондықтан «жіберілген қателіктердің басты себебі неде» деген сұраққа жауап берулеріңізді сұраймын», - деді Мәжіліс депутаты. 

Өз кезегінде министр Ерұлан Жамаубаев Ішкі істер министрлігімен бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.

«Жалпы салық төлеушілердің қатысуынсыз 1 миллионға жуық ақпаратты толығымен өзектендірдік. Бұл тұрғыда көп қателіктерге жол берілген. «Е-Salyq-Azamat» қосымшасының мүмкіндігімен қандай қосымша проблемалар бар екенін біліп отырмыз. Әрине, бұл жердегі негізгі мәселеге тоқталсақ, азаматтар көлікті бір-біріне сенімхат арқылы сатып жібереді де, өз атынан шығармайды. Сонымен қатар, ұрланған автокөліктер бар. Халықтың бір бөлігі басқа мемлекеттерге қоныс аударып, сенімхатпен көлігін сатып кетеді. Осындай проблемалар бар және оларды мойындаймыз. Сондықтан Ішкі істер министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, қайтыс болған адамдарға қатысты мәселе бар. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары шығырылған автокөліктер бар. Бұл ескі көліктер жүрмейді. Жол апатына түскеннен кейін, бөлшектеп сатып жіберген автомашиналар кездеседі. Осы орайда Үкіметке тиісті ұсыныстарды беріп отырмыз, яғни аталған көліктерге қатысты рақымшылық жасаған дұрыс болар. Өйткені ол көліктердің нақты жоқ екенін айтуға болады. Сондықтан Ішкі істер министрлігімен бірлесе бұл жұмыстарды атқарып жатырмыз», - деді Жамаубаев.