14 қаң, 2020 сағат 11:57

Павлодарлық оқушы халықаралық олимпиадада үш жыл қатарынан алтын медаль иеленді

9-13 қаңтар күндері Алматыда математика, физика және информатика пәндері бойынша ХVІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Барлығы 21 елден 84 команда жалпы саны 599 оқушы бәйгеге түскен білім додасында Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Дияр Туленов алтын медальға ие болды. Олимпиадада Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Грузия, Дания, Қырғызстан, Моңғолия, Непал, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Швеция елдерінің ең үздік оқушылары қатысқан болатын.

«Дияр шоқтығы биік халықаралық білім додаларының ең ауқымдысы саналатын Жәутіков олимпиадасында қатарынан үшінші жыл алтын медальға ие болып отыр. Оқушымның жетістігін өте жоғары бағалаймын. Қуанышымда шек жоқ», - дейді 7-сыныптан бастап олимпиадаға дайындап келе жатқан физика пәнінің ұстазы Назымгүл Каримова.

Атап өту керек, Дияр осыған дейін Жәутіков олимпиадасында 2017 жылы қола медаль, 2018, 2019 жылдары алтын медаль иегері атанған болатын. Ол тек мектеп намысын ғана емес, республика атынан Халықаралық физика олимпиадасында, «Туймаада» халықаралық олимпиадасында және басқа да халықаралық деңгейдегі білім додаларында топ жарып, жүлделі орындарды иеленді.

«Олимпиада жылдағыдай өте жоғары деңгейде өтті. Менің бөлімімде осы жолы 170 оқушы бақ сынасқан болатын. Осы орайда жылдар бойы білімімді ұштап, дұрыс бағыт-бағдар берген ұстазым Назымгүл Баритқызына, үнемі қолдау көрсететін ата-анама, сондай-ақ алтын ұя – мектебіме алғысымды білдіремін», - дейді жеңімпаз.

Осы жетістіктерінің нәтижесінде бүгінгі таңның өзінде Дияр 3 университет - Ресейдің жоғары экономика мектебі, Назарбаев Университеті және Қазақ-Британ университетінің грантына ие болған. IELTS халықаралық емтиханының нәтижесі бойынша да жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, 8,0 ұпай жинады. Дияр еліміздегі ең мықты 8 физиктің қатарына енген оқушы.