14 мам, 2021 сағат 12:56

Павлодарда құтқарушылар өртенген үйден ес-түссіз жатқан ер адамды алып шықты


Павлодарда бес қабатты тұрғын үйдің пәтерінде өрт шығып, үйдің кіреберісінде иіс тиіп, күйік шалған ер адам табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«14 сәуір күні сағат 00.02-де Павлодар қаласындағы Қайырбаев көшесіндегі 36-үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Екі бөлмелі пәтердің үлкен бөлмесінде мүлік-жиһаз өртенген. Жалын 16 шаршы метр аумақты шарпыды», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Өрт сөндірушілер бесінші қабаттың сатысынан иіс тиіп уланған, қолын, басын, мойынын екінші-үшінші дәрежелі күйік шалған 1967 жылғы ер адамды тапты. Ер адам ес-түссіз бірінші қалалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады ТЖД-дан.

«Өрт сөндірушілер келгенше 10 адам өздігінен сыртқа шыққан. Өрт сағат 00:38-де сөндірілді. Қазір өрттің неден шыққаны, келтірілген шығын анықталып жатыр», - деп нақтылады департаменттің баспасөз қызметінен. 

Оқиға орнына жеке құрамның 30 адамы мен 10 техникасы, Апаттар медицинасы өрт сөндіру қызметкерлері, 102 және 103, қалалық электр желісі қызметтері барды.