Фото: ТЖМ
Бүгін таңертең Павлодар облысының Иртышск ауылындағы жеке үйде өрт шықты. «101» қызметіне хабар 08:33-де түсті, ал үш минут ішінде өрт сөндірушілер оқиға орнына жетті, деп хабарлайды Ult.kz.
Павлодар облысы ТЖД Жедел-құтқару қызметінің басшысының орынбасары Берік Омаровтың айтуынша, үй толықтай отқа оранған, жиһаздар мен тұрмыстық заттар жанып, шатырда да өртену байқалған. Құтқарушылар дереу зардап шеккендерді іздеуге кірісті.
Үш кәмелетке толмаған бала құтқарылып, медициналық көмекке тапсырылды. Алайда кейінірек екі бала ауруханада көз жұмғаны белгілі болды.
Өрт шамамен 50 шаршы метр аумақта сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Оқиға кезінде ата-аналар немесе басқа ересектердің қайда болғаны туралы ақпарат берілмеді.
