06 нау, 2021 сағат 12:13

Павлодар облысында 150-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды

Павлодар облысында 150-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылып, 140 адам жылыту пункттеріне жеткізілді, оның 15-і - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

5 наурыз күні сағат 12:30-да боранға, нашар көрінуге, ауа райының нашарлауына байланысты Нұр-Сұлтан - Шідерті тас жолының 200-254 шақырымында Шідерті кентінен Ақмола облысының шекарасына дейінгі автомобиль жолында көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.

- Желдің күшеюіне байланысты қозғалыс екі бағытта да жабылды. Бірақ сол уақытта 500-ге жуық көлік Нұр-Сұлтаннан шығып кеткен болатын. Соның ішінде жолдың көрінбеуінен, дауылдың салдарынан қар құрсауында қалғандар бар. Павлодар облысына кіріп үлгерген көліктер саны - 150-170, - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында.

Жол қызметкерлері жолды тазалаудан жеңіл машиналардан жүк көліктеріне дейін қарға кептелген машиналарды шығаруға көшті.

Айта кетейік, кеше кешке Семейге шығатын бағыттан басқа, Павлодар облысы арқылы өтетін барлық республикалық жолдар жабылды.

Қазір көліктердің колонналары бір қатарға жинақталды. Қатардың алдыңғы және артқы жағында жол қызметкерлерінің көліктері бар. Арнайы техниканың сүйемелдеуімен келе жатқан колонна сағатына 5-10 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен қозғалып келеді.

Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, ең көп дегенде екі сағат ішінде барлық машиналар қардан шығарылып, Шідерті кентіне дейін жеткізіледі. Бұл учаскеде 10-нан астам техника жұмыс істеуде.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегеновтің айтуынша, түнде 5 жылыту пунктіне 140 адам әкелінді, оның 15-і балалар. 61 адам құтқарылды, оның 11-і балалар. 63 адам эвакуацияланды, оның ішінде 7 бала бар. Сондай-ақ қар құрсауынан 32 жеңіл және 3 жүк көлігі шығарылды.
- Дауыл туралы ескерту екі күн бұрын берілген. Ақмола облысы бағытында күрделі жағдай қалыптасты. Сондықтан кеше сағат 14:30-да біз штаб пен сенім телефонын орналастырдық. Оған 9 қоңырау түсті. Жолда балаларымен бірге қалған бір автокөлік жүргізушісіне психологиялық көмек керек болды. Олар қауіпсіз жерге жеткізілді, - деді Ернұр Өтегенов.

Сонымен қатар, Железин ауданында түнде 50-ге жуық көлік кептеліп қалды. Мұнда жылыту пункті «Арман» спорт кешенінде, сондай-ақ Тереңкөл ауданында Федоровка ауылындағы «Самал» кафесінде ашылды. Ақтоғай ауданында Қожамжар ауылында 7 адам агротехникалық колледжге эвакуацияланды.

Төтеншеліктер тағы екі балықшыны құтқарды. Олардың көлігі Екібастұз маңындағы 11-сорғы станциясында істен шыққан.

Қазір Павлодар облысының Ақмола облысы бағытындағы 9 жолы жабық.

- Біз көліктерді шығармайынша, қарды тазалау қиын, - деді Ернұр Өтегенов. - Түнде жұмыс жүргізілді. Бас тартқандар көліктерінде қалды, ал оны қаламағандар эвакуацияланды. Техникалар жұмыс істеп тұр: 2 жол талғамайтын ТРЭКОЛ және 2 КамАЗ.