21 мау, 2018 сағат 14:08

Павел Дуровқа Қазақстан журналистер одағының сыйлығы не үшін берілді?

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстан журналистер одағының сыйлығын иеленді, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Одақ басқармасы Дуровтың цензура мен мемлекеттің адамдар арасындағы еркін хабар алмасуға араласуына қарсы ұстанымын атап өтіп, ымырасыз деп баға берді.

"Интернет-жоба" номинациясы бойынша "ВКонтакте" әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров марапатталады", — деп жазылған Қазақстан журналистер одағының сайтында.

Павел Дуров — ресейлік кәсіпкер және миллиардер. ТМД елдерінде таралған "Вконтакте" әлеуметтік желісін жасап шығарып, танымалдыққа ие болды. 2014 жылы "ВК" бас директоры қызметінен кеткен. Лауазымын босатқанға дейін бір-екі жыл бұрын Telegram мессенджерін ойлап тапты.

Қазақстанда Telegram мессенджерін пайдаланғанда оқтын-оқтын қиындықтар туындап тұрады. Ресми ведомстволардың өкілдері түсіндіргендей, оның себебі —  елімізде экстремистік деп танылған "Демократический выбор Казахстана" ("ДВК" негізін қалаушы – қашқын банкир Мұхтар Әблязов) қозғалысының материалдар таратуы.