23 сәуірде кешкісін Ереванның Республика алаңында наразылық акциясының лидері болған, оппозициялық депутат Никол Пашинян жаңа премьер-министр бір аптаның ішінде сайлануы керектігін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Никол Пашинян Армениядағы биліктің бейбіт жағдайда ауысына қатысты талаптарды қайталады. Ол бірінші кезекте Серж Саргсянды премьер-министр қызметінен кетіру талабы орындалды деді. Енді бір апта ішінде Ұлттық мәжіліс жаңа премьер-министрді сайлауы керек.
Пашинян мерзімінен бұрын парламент сайлауы барынша қысқа мерзімде қайта өтуі тиіс деді. Сонымен бірге 25 сәуірде «Марриотт Армения» қонақ үйінде уақытша премьер-министр қызметін атқарушы Карен Карапетянмен келіссөз жүретінін де хабарлады.
Серж Саргсян 11 күнге созылған халық толқуынан кейін премьер-министр қызметінен кетті. Ол 2008-2018 жылдарға дейін Армения президенті болған. Осы уақытта ол Конституцияға өзгерістер енгізіп, премьер-министр өкілеттігін кеңейткен. 17 сәуірде президенттік өкілеттігі аяқталғаннан кейін, наразылыққа қарамастан үкімет тізгінін қолына алған.