16 қар, 2020 сағат 16:28

Пашинян Таулы Қарабақтағы жағдайдың өрбуіне жауапты екенін мойындады

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы жағдайдың өрбуіне жауапты екенін мойындады. 10 қарашадағы Баку, Ереван және Мәскеу арасындағы келісімге сай, Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, Мардакерт және Мартуни қалаларын да алады. Осыған дейін бұл келісімге қарсылық танытқан Армения тұрғындары Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен болатын. 

"Мен халық алдында, сот алдында жауап беремін, бірақ мұндай жағдайда адамдар сабақ ала білуі тиіс... Сарбаздарды, оппозиция, үкіметті тыңдау керек болады" деді Пашинян. Оның сөзінен үзіндіні "Арменпресс" агенттігі келтірді.

Пашинянның сөзіне қарағанда, армян билігіне "Әзербайжанға шарт қоймай аумақты қайтару туралы халықаралық консенсус бар кезде" әрекет етуіне тура келген.

Оның айтуынша, үкімет мәселені екі қырынан: мәселені әскери жолмен шешуге болмайды және "бір қарыс та жер бермеу" принциптері бойынша қарастырған. "Уақытты шексіз соза беруге болады" деп ойлап, ең ірі қателікке ұрынғанын да жеткізген. 

10 қарашаға қараған түні Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Ресей президенті Владимир Путин және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы ортақ мәлімдемеге қол қойған. Тараптар Баку Таулы Қарабақтың бір бөлігін алады - халықаралық дәрежеде мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы үшін стратегиялық маңызды Шуша қаласы, Агдам, Кельбаджар, Лачин аудандары да әзербайжан жағына өтеді деп уағдаласқан. Келісім бойынша, ресейлік бітімгер сарбаздар да аумаққа кіреді. 

11 қарашада Ресей және Түркия қорғаныс министрлері Әзербайжан аумағында бітімгерлік миссияға арналған ортақ бақылау орталығын құру туралы меморандумға қол қойды. Бұл орталық келісімнің орындалу шарттарын қадағалап, ұзақ жылға созылып келе жатқан қақтығысты реттеу негізін қалыптастыруға көмектесуі тиіс.