28 мау, 2019 сағат 09:54

Парламенттің жұмысы ұзартылды

Бүгін парламенттің бірлескен отырысында қос палата сессиясының жұмысын ұзарту мәселесін қарады, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат.

Үкімет басшысы Асқар Мамин тұрмысы төмен азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға байланысты республикалық бюджтке өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтіп:

«Президент әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Осы қабылданған шешімнің арқасында әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет халықтың ең өзекті әлеуметтік мәселелерін шұғыл түрде шешуге арналған және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жедел шаралар топтамасын әзірледі» деді.

Атап айтқанда, жұмыссыз жүрген 300 мыңнан астам азамат «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша жұмысқа орналасу шараларымен қамтылады. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға жалдамалы баспана құрылысы көлемін екі есеге өсіру, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы үйлердің құрылысын үш есе арттыру шаралары қолға алынбақ. Бұған қоса, тұрмысы төмен балалардың отбасыларына кешенді қолдау шаралары ұйымдастырылады.

Премьер-министр осы аталған маңызды іс-шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алтыншы сайланған парламенттің төртінші сессиясын 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартуды ұсынды.

Осылайша Парламент депутаттары төртінші сессияның жұмысын осы жылдың 5 шілдесіне дейін ұзарту туралы қаулы қабылдады.