Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы бойынша үгіт-насихат жұмыстары бүгін сағат 18.00-де басталатынын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сайлау алдындағы үгіт бүгін, сағат 18.00-де басталып, 2021 жылы 9 қаңтарға сағат 00.00-ге дейін жалғасады», - деді Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Сондай-ақ ол заң бойынша сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге кімдерге тыйым салынғанын еске салды.
«Атап айтқанда мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарға, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына үгіт жүргізуге тыйым салынған. Сонымен қатар үгіт жұмыстарын Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілері, ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен судьялар жүргізе алмайды. Бұл санатта сайлау комиссияларының мүшелері, діни бірлестіктер, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар мен халықаралық ұйымдар бар», деді Анастасия Щегорцова.