29 жел, 2021 сағат 14:26

Парламент бәсекелестік мәселесіне арналған заңды қабылдады


Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заңының жобасы мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын қысқартуға, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ тауар нарықтарына кіру үшін әкімшілік және экономикалық кедергілерді қысқартуға бағытталды. 

«Аталған заң жобасын Мәжіліс 8 желтоқсанда мақұлдады және ол Сенатқа қабылданған 152 позициямен жіберілді. Сенат енгізген түзету нақтылау сипатына ие, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Комитет (Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенаты енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», - деді Мәжіліс депутаты Самат Ақышев. 

Құжатты қарау кезінде палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.