29 жел, 2021 сағат 15:43

Парламент банктердің кепілдік саясатын жетілдіретін заңды қабылдады


Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасы ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Құжат бюджеттік, салық заңнамасын және екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын жетілдіруге, бағалау қызметінің әрі атқарушылық өндірісті реттеуге бағытталған. 2021 жылғы 24 қарашада Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді. Заң жобасын Сенат 2021 жылғы 23 желтоқсанда кері қайтарды. Барлығы 24 түзету енгізілді. Оның ішінде ЕАЭО-ның 2022 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін «Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентін қолданысқа енгізу мерзімін кейінге шегеруге байланысты алкогольдік өнімдер мен алкогольдік өнімдердің түрлеріне қатысты 15 түзету енгізілді», - деді Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев. 

Сонымен қатар, редакциялық түсіндіру сипатындағы 6 түзету және құқықтық техникаға 3 түзету енгізілді. 

«Сенат енгізген түзетулер заң жобасының тұжырымдамалық ережесін өзгертпейді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, комитет (Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті) заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістермен әрі толықтырулармен келісуді ұсынады», - деді депутат. 

Құжатты қарау кезінде палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.