Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында тиісті заң жобасы қабылданды.
Отырыстың басында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваны жаңа қызметімен құттықтады.
«ҚР Конституциясына сәйкес, Үкімет Ата заңымызға Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл мәселе бойынша Конституциялық кеңес өзінің оң қорытындысын да берді.
Сенаттағы 43 депутаттың 43-і келісті. Мәжілістегі 103 депутаттың - 103-і келісті. Осылайша, құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды", - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Палата отырысында», - деді Нұрлан Нығматулин.
Бірлескен отырыста ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысы Конституцияның 91-бабы, 2-тармағына сәйкес, Парламенттің қарауына «ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заң жобасын ұсынды. Бұл жоба Республика астанасының атауын Астана қаласынан Нұрсұлтан қаласына өзгертуді көздейді. Еліміздің Конституциялық кеңесі осы түзетулердің ҚР Конституциясының 91-бабының 2-тармағына сәйкестігі туралы қорытынды берді. Баяндалғанды ескере отырып, ұсынылған түзетулерді қолдауларыңызды сұраймыз», - деді Әлия Рақышева.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Астанаға Нұрсұлтан атауын беру керектігін айтты. Отырыс соңында Сенат және Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан қабылдады.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана атауын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді ұсынған болатын.