26 қыр, 2020 сағат 13:23

Париж Charlie Hebdo экс-кеңсесі маңындағы оқиғаны "теракт" ретінде тергемек

Жұма, 25 қыркүйек күні Парижде Charlie Hebdo сатирика журналының ескі кеңсесі маңындағы шабуылды террор актісі ретінде тергеле бастады. Шабуыл кезінде екі адам ауыр жараланды. Бұл туралы Франция ішкі істер министрі Жеральд Дарманэн мәлімдеді.

Бас күдікті – Пәкістанның тумасы. Ол оқиға маңынан ұсталды. Полиция сондай-ақ кемі төрт адамды қамауға алды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Зардап шеккен екі адамның бірі - ер, бірі - әйел. Олар телевизиялық компанияда жұмыс істейді. Мачете секілді пышақпен жараланған, деді полиция өкілі.

Франция премьер-министрі оқиға орнына (Ришар-Ленуар бульварының маңы) жиналған журналистерге зардап шеккендердің денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын айтты.

Шабуыл 2015 жылы Charlie Hebdo редакциясына теракт жасаған екі жихадшыға көмектесті деген 14 айыпталушының сот процесі кезінде жасалды. Бес жыл бұрынғы терактінің салдарынан 12 адам қаза тапқан.

  • Charlie Hebdo журналына Мұхаммед пайғамбар туралы карикуратураны жариялағаны үшін жүйелі түрде қоқан-лоқыға тап болады. Журнал карикатураны алғаш рет 2005 жылы жариялады. Одан кейін де бірнеше рет жариялаған. Ең соңғысы 2015 жылғы теракті бойынша соттың басталуына орай 2020 жылдың қыркүйегінде болды.
  • Қыркүйек айында тоқсаннан астам француз басылымы Charlie Hebdo журналына қоқан-лоқы көрсетілуіне байланысты сөз еркіндігін қолдау туралы мәлімдеме жасады. "Біз құдайға тіл тигізу еркіндігін қорғай отырып, құдайға тигізуді емес, еркіндікті қорғап отырмыз" делінген ортақ мәлімдемеде.