14 қар, 2022 сағат 09:55

Париж әуежайында 18 жыл өмір сүрген Иран азаматы Мехран Кәрими қайтыс болды


Париждің Шарль де Голль әуежайында Мехран Кәрими Нассери қайтыс болды. Ол осы әуежайда 1988 жылдан 2006 жылға дейін 18 жылға жуық тұрып, танымал болған еді, деп хабарлайды Азаттық.

Нассери 1945 жылы Иранда туған. 1974 жылы ол анасын іздеп Лондонға ұшқан. Туыстары оған "анасы Ұлыбританияда екенін" айтқан.

1977 жылдан 1981 жылға дейінгі арада Мехран Кәрими алты елден саяси пана сұрап, ақыры Бельгиядан алған, сонда кітапханада жұмыс істеген. 1988 жылы Нассери қалайда Ұлыбританияға баруға шешім қабылдаған. Сөйтіп Париж арқылы ұшпақ болған. Кей жорамалға қарағанда, Парижде құжатын жоғалтқан. Лондон құжатсыз адамды Францияға қайтарып жіберген. Франция ішіне кіруге құқығы болмаған Мехран Кәрими Париж әуежайында қалған.

Ол әуежайдың 2F терминалындағы бірнеше креслоға жайғасып, заттарын айналасына қойып өмір сүрген. Әуежайдағы өмірін қойын дәптеріне жазған, газет-журнал оқып уақыт өткізген.

1999 жылы Франция босқын статусын берсе де Нассери 2006 жылға дейін әуежайда тұра берген.

Иран азаматының әуежайдағы өмірі қоғам назарын аударған. Голливуд режиссёрі Стивен Спилберг 2004 жылы Нассеридің бастан кешкенінің желісі бойынша "Терминал" трагикомедиясын түсірген.

Фильм премьерасынан кейін Нассериден сұхбат алғысы келетін баспасөз күрт көбейген.

2006 жылы Мехран Кәрими ауруханаға түскен. Ауруханадан шыққан соң Спилберг фильмінен алған ақшасына хостел жалдап тұрған.

Осыдан бірнеше апта бұрын Нассери 2F терминалына қайта оралып, 12 қарашада қайтыс болған. Әуежай өкілдері Кәрими уақыты жетіп, өз ажалынан өлгенін айтады. Нассеридің қалтасында бірнеше мың еуро ақша болған.

Әуежай қызметкерлері Нассери әрқашан қоғам назарында болды, ол кез келген сәтте қалаған жағына кете алатын еді деп сипаттайды. Иран азаматына әуежай қызметкерлері қамқорлық көрсеткен.