06 ақп, 2018 сағат 18:25

Пара алып істі болған Мешімбаева да бостандыққа шықты

Төрт жыл өмірін түрмеде өткізген Статистика агенттігінің экс-төрайымы Анар Мешімбаева да пара алып істі болған өзге әріптестерінен қалыспай, бостандыққа шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" 31-арнаға сілтеме жасап.

Экс-шенеунік жазасын Жауғаштыдағы әйелдерге арналған абақтыда, ал соңғы 1 жыл бес айын Алматыдағы қоныс колониясында өтепті. Айта кетейік, Анар Мешімбаеваға 2009 жылы Ұлттық санаққа бөлінген 758 миллион теңгені сыбайластарымен бірге жымқырды деген айып тағылып, 7 жылға сотталған болатын.

Халық санағына бөлінген 800 миллион теңге туралы әу баста сөз шыққанда Анар Мешімбаева «Қаржы полициясының бұл дерегі қателік» деп жүріп, бір күнде құзырлы органдарға таптырмай кетті. Шетелде үш жыл тығылып жүрген Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымын арнайы органдар Мәскеуде тұтқындап, елге әкелді. Алайда, изоляторға қамалған күннен Мешімбаева ешқайда қашқан жоқпын, ақша ұрлаған жоқпын дегенінен танбады.

Сот барысында оның  бұрынғы орынбасарлары да, «Киік» фирмасының құрылтайшысы Серік Тұржанов та басшыларын қорғап, түсініктеме берді. Тіпті Мешімбаева ісіне БҰҰ-дағы әріптестері де араласып, оны босату туралы Елбасының атына хат жолдаған болатын. Алайда, Мешімбаеваның тағдырына мұның біреуі де араша болмай, сот оны 2014 жылы ақпанда жеті жылға соттап жіберген болатын. Осылайша, экс шенеунік үкіммен келіспеген күйі Жауғаштыдағы әйелдерге арналған түрмеге қамалып кете барды.

Алайда, өзі сияқты парамен істі болған әріптестері бостандыққа шығып жатқанда, Мешімбаева да түрмеде қарап отыра алмай, қайта-қайта аппеляциялық шағым түсіре берген. Ақыры, абақтыдағы шендінің үні Ақордаға жетіп, президент жарлығымен жазасы екі жылға қысқартылыпты. Осылайша, Анар Мешімбаева бүгіннен бастап азаттықтың ауасын жұтып, Алматыдағы қоныс колониясынан босап шықты. Бес жылға дейін мемлекеттік қызметке жолай алмайтын экс-шендінің енді немен айналысатынын ешкім білмейді.