17 сәу, 2020 сағат 12:40

Пандемиямен күресте алдағы бірнеше апта басты маңызға ие - ДДҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа елдерін коронавируспен күресте қырағылық танытуға шақырды. Себебі пандемиямен күресте алдағы бірнеше апта аса маңызды болмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа елдерін коронавирус инфекциясымен күресте қырағылық танытуға шақырады. Пандемиямен күресте алдағы бірнеше апта басты маңызға ие болады», - деп мәлімдеді ДДҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюгге. 

Германия, Италия, Испания, Франция және Швейцарияда коронавирустың анықталу жағдайлары төмендегеніне қарамастан, індет Беларусьте, Ұлыбритания, Ресей, Түркия және Украинада тез таралып жатыр.

ДДҰ өңірлік бюросының басшысы «жеңіс оңай болмайтынын» ескертті. 

Ханс Клюгге мүлтіксіз сақтау керек шарттарды атады: 

- Денсаулық сақтау жүйесі қауіп тобындағы адамдарды анықтап, оқшаулап, тест жасауы керек; 

- Қарттар үйлерінде, психикалық ауруларға арналған мекемелерде және басқа да адамдар көп жиналатын орындарда вирустың таралу қаупін барынша азайту қажет;

- Жұмыс орындарында вирустың алдын алу үшін жағдай жасау, айналадағы адамдардан өзін алыс ұстау, қол жуу және басқа да гигиена шараларын сақтау қажет; 

- Барлық елдерге, әсіресе, шектеулерді алып тастап, коронавируспен күрестің жаңа кезеңіне өтіп жатқан мемлекеттердің тәжірибесіне қарау ұсынылады.