21 сәу, 2020 сағат 13:10

Өзін «банк қызметкерімін» деген алаяқ Орал тұрғынының 1,4 млн теңгесін иемденіп кеткен

Оралда алаяқ 62 жастағы әйелдің сеніміне кіріп, 1,4 млн астам теңгесін иемденіп кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, ер адам өзін «Каспи банк» қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. 

Ол 1958 жылғы әйелге «Алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдегесі келіп жүр, оған жол бермес үшін өзіңіз осылай жасаңыз» деп алдаған. Оған сенген әйел әуелі өзіне, сосын қызына несие рәсімдеген. Содан кейін ер адам әйелде депозит бар-жоқтығын біліп алып, қауіпсіз болу үшін барлық ақшаны жеке есепке аудару қажеттігін айтқан. 

Осылайша әйел алаяққа барлығы 1 млн 440 мың теңгесін аударып жіберген. 

Сол секілді Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны белгісіз біреуге алданып қалған. Алаяқ Kaspi.kz қосымшасы арқылы онлайн несие рәсімдеймін деп, 56,7 мың теңгесін иемденіп кеткен. 

Қазіргі кезде аталған қылмыстарды ашу үшін жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. 

Екі оқиға бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.