Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ресей үкіметіне ресми нота жолдап, өзбек мигранттарына салынатын еңбек салығын төлеуді кейінге шегеруді сұрады. Бұл туралы Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінің ақпарат қызметінің жетекшісі Авазбек Хаджиметов хабарлады.
Ресейдің құзырлы органдары мәселені қарастырып жатыр. Авазбек Хаджиметовтің айтуынша, Ресейде барлық ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысы 30 сәуірге дейін тоқтағандықтан ондағы өзбек мигранттары жұмыссыз, жалақысыз қалған.
2 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин коронавирусқа байланысты "жұмыссыз апта" мерзімін сәуір айының соңына дейін ұзартқан болатын. Бұған дейін Ресейдің өзбек диаспорасы Ресейдің ішкі істер министрлігінің көші-қон жөніндегі басқармасына хат жолдап, еңбек патентінің мерзімін ұзартуды сұраған.
Ресми дерек бойынша, Ресейде шамамен екі миллион өзбек мигранты жұмыс істейді.