Өзбекстан «Орталық Азия» сауда-экономикалық орталығына қатысты позициясын өзгертіп жіберді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық орталығы жобасын іске асыру мақсатында өзбек тарапымен оның орналасатын жері келісілді. Бүгінгі таңда біз жер телімін бөліп, инвестормен келіссөздер жүргізудеміз. Алайда, өзбек тарапының позициясы өзгеруіне байланысты жобаны іске асыру процесі кешіктіріліп жатыр», - деді ол.
Министр осыған орай Қазақстан тарапы жобаны іске асырудың қосымша нұсқаларын қарастырып жатқанын айтты.
«Жалпы, бұл орталық Өзбекстанмен шекаралық сауданы «ағарту» және сауда инфрақұрылымын құру арқылы екі елдің арасындағы өзара сауда көлемін 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға ықпал етеді», - деді Бақыт Сұлтанов.
Еске салайық, 26 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия» халықаралық сауда орталығын тезірек салуды тапсырған болатын.