06 қаң, 2021 сағат 10:01

Өзбекстан энергия жүйесіндегі ақаудан еліміздің бірқатар өңірінде жарық сөнді

Қазақстанның оңтүстігінде электр энергиясының өшуі Өзбекстанның энергия жүйесіндегі ақауларға байланысты болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«KEGOC» АҚ мәліметінше, 5 қаңтар шамамен сағат 17:41-де Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесі (БЭЖ) тарапынан (шамамен 800 МВт) қуаттың күрт артуынан Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесінің (БЭЖ) Солтүстік-Оңтүстік транзитінің қатарлас жұмысының тұрақтылығы бұзылған. 

Осыған байланысты жабдықтар зақымданбас үшін автоматика іске қосылып, Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитінің 500 кВ-тық үш әуе желісі және 220 кВ-тық бір әуе желісі ажыратылды. 

Салдарынан Қазақстан БЭЖ-і мен Орталық Азия БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы жиілігі 48,31 Гц-ке дейін төмендеп, оқшауланған жұмысқа бөлінді.

Жедел деректерге сәйкес Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды және Түркістан облыстары бойынша шектеу көлемі 959 МВт құрады.

«KEGOC» АҚ қызметкерлерінің жедел жұмысының арқасында 17:51-де Қарағанды облысы бойынша шектеулерді алып тастауға команда берілді, 17:58-де Оңтүстік аймақ Қазақстан БЭЖ-мен синхрондалып, Қазақстан энергия жүйесінің тұтастығы қалпына келді. 

Сағат 18.15-те барлық шектеулерді алып тастауға команда берілді.

Бұл жайтқа өзбек энергетикалық жүйесі себеп болып отыр, онда Талимарджан ГРЭС-інде 450 МВт екі бу-газ қондырғысы ажыратылған, сонымен қатар бірқатар өзге де электр станцияларында генерация төмендеген.