"Өзбегім-өз ағам" дейді қазақ. Өзбекстанда көптеген проблемалар күн тәртібінде тұр:
Бірінші, валюталық коллапс. Өзбектің төл ақшасы құр қағаз болып кетті, ал доллар - шырқады. Өзбекстан шет елдерден озық технологиялар сатып ала алмайды, қымбат. Капитал қашып жатыр. Бай өзбектердің біразы Батыс елдеріне Кәрімов отбасының озбырлығынан қашса, енді Кәрімовке жақын адамдар да Мирзияевтың министрлері мен әкімдерінен қашпақ және қашып жатыр. Өзбек қазынасында тиісті резерв жоқтың қасы.
Екінші, қол еңбегі тым арзан, қол еңбегінің арзандығы жаңа технологияларға бөгет. Өзбекстанда мөлшері 33 миллион адам тұрады. Халықтың тым тез өсуі Өзбекстан үшін қасірет. Халықтың тым тез өсуі экономикалық және әлеуметтік тауқыметтерге әкелді. Оларға Үкімет не жұмыс, не сапалы оқу, не медициналық көмек көрсете алмай келеді.
Үшінші, шикізат бағасы тым арзандады. Мақта, газ бен уран бағасы төмендеп кетті. Қышлақтарда жер жетіспейді, әсіресе суармалы.
Төртінші, нарықтық реформалар тиіс деңгейде жүрген жоқ. Нарықтық институттары тиісті деңгейде істемейді, құрылымдық диспропорциялар күшті. Шіркат ұжымдары тиісті пәрмен бермей келеді.
Бесінші, бүкіл Өзбекстан қышлақтық агломерацияға айналды. Үй тұрғызатын жер жоқ, қалаға қоныстануға кіргізбейді - қатаң прописка жүйесі. Ал Өзбекстанның қалалары қышлақтарға айналып бара жатқан сияқты.
Алтыншы, 5 миллиондай еркек өзбек Ресейде, тағы 300 мыңдайы Қазақстанда жалшылықта жүр. Еркек кіндік жетіспейді: психологиялық - жыныстық диспропорция күшейді. Өзбек қышлағында ересек дені сау еркек кіндік қалған жоқ. Бұл жағдай 1941-1945 жылдардағы соғыстан кейінгі жағдайды көзге елестетеді.
Жетінші, Өзбекстанның қазағы Қазақстанға қарқынды келіп жатыр. Келем деушілерге арнайы бағдарлама керек. Қазақтардың біразы өзбек пен қарақалпақ болып әкімшілік жолмен жазылып кеткен. Оларды да қазақтыққа қайтарып құжатын жөндеуге мұрсат беру керек. Ондай бағдарламаларға қаржы керек. Өзбекстанның орысы мен корейі Ресейге кетіп жатыр.
Өзбек халқы төзімді және байсалды ұлт. Енді Мирзияев реформа жасаймын дейді. Бірақ алдымен экономикалық реформаны, кейін саяси реформаны жасау керек. Жаңа билік игі өзгерістер жасаймыз деп уәде беруде. Бұл уәделер әр өзбектің жүрегіне үміт отын жандырды.
Әзімбай Ғали