Алматыда әріптесін басынан атып өлтірген Азамат Берістемов 11 жыл 3 айға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы инспектор Азамат Берістемовті 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Еске салайық, 2018 жылы қыркүйек айының соңына қарай Алматыда Жергілікті полиция инспекторы Азамат Берістемов өзінің әріптесі Сәбит Бегланұлын атып тастаған болатын. Жарақат алған Сәбит Бегланұлы сол күні, түнгі сағат 22.00-де ауруханада көз жұмды. Кейін тәртіп сақшыларының бір-біріне туыс екендігі анықталды. Аталған оқиғаға байланысты ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пікір білдірген болатын.
«Күдікті кезекшілікке келіп, қаруды қабылдаған. Кейін гараждан автокөлікті алуға шыққан кезде, ол күйеу баласымен жолыққан. Көз жұмған қызметкер кезекшілігін тапсыруға келген. Соңғы алты ай мерзімде ол отбасымен бірге тұрмаған көрінеді. Кешқұрым қызметкерлер кездесіп қалған кезде жанжал туындап, соның салдарынан біріншісі қарудан оқ атқан», - деп нақтылады ведомство басшысы.
Өзінің әріптесі, әрі күйеу баласы Сәбит Бегланұлын атып өлтірген инспектор Азамат Берістемов осыдан бір жылдай уақыт бұрын әкесінен айырылған. 2018 жылы 31 наурызда Талдықорған облыстық қорғаныс департаментінің басшысы Бердібек Берістемовті өзінің орынбасары кабинетінде атып өлтірген болатын.
«Біздегі қызметкерлердің барлығы жыл басында тестілеуден өтеді. Берістемов те өтті. Оның әкесі оққа ұшқан соң, біз оны мамырда тағы тестілеуден өткіздік. Әңгімелестік. Тестілеу нәтижесінде оның дені сау болып шықты. Ол психологиялық тұрғыдан тұрақты, күйзеліске төзімді көрінді. Ол тым сенімді, өзін-өзі өте жоғары бағалайтын. Тік мінезді, қырсықтығы да бар еді. Сонымен қатар, адамдармен жақсы тіл табысатын, достары да көп еді», - деді Альбина Сағатбаев.
Ал марқұм болған Сәбит Бегланұлы басқа бөлімшеде қызмет еткен. Ол да психологиялық тәуекел тобында болған.