14 қаң, 2026 сағат 14:01

«Ойыннан от шығар»: Депутат Roblox платформасының қаупі туралы дабыл қақты


Фото: Halyq-uni.kz

Қазіргі таңда интернет пен онлайн ойын платформалары балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Солардың бірі – Roblox онлайн-платформасы. Қазіргі таңда «Roblox» сөзін білмейтін бала жоқ. Бұл пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа. 2025 жылғы ашық дереккөздерге сәйкес, Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуық. Пайдаланушылардың басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер құрайды.  Ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екендігі туралы алаңдаушылық жиі көтерілуде. Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері кездеседі. Бұл туралы AMANAT Фракциясының депутаты Үнзила Шапақ Мәжіліс отырысында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж.Х. Мәдиевке жолдаған депутаттық сауалында Ү. Шапақ «Ойыннан от шығар» демекші, балалардың психологиялық дамуына мұндай факторлардың әсері ұзақ мерзімді теріс салдарға әкелуі ықтимал екенін жеткізді. Сонымен қатар, оның сөзінше Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар.

Фото: parlam.kz
«Олардың тактикалары қарапайым, алайда хирургиялық дәлдікпен жасалатындай. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан Телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады.
Әрине, компания «балаларға ең қауіпсіз орта жасаймыз» деп жар салудан жалығар емес. Бірақ секундына 50 мыңнан астам хабар ағылып жатқан ортаны толық бақылау мүмкін емес», - деп отыр депутат. 


2025 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің берген жауабында: «Біз Roblox-ты блоктау немесе шектеу мәселесін қарастырмаймыз» деп айтқан болатын. 
Бұл ретте «Баланың құқықтары туралы» ҚР Заңына сәйкес, мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндетті (36-бабы 1-тармағы).

Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына және контенттің бақылаусыздығына байланысты бірқатар мемлекеттер  қатаң шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде аталған платформа бұғатталды. 

«Осы тұста Хәкім Абай: «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деп айтпақшы, біз тек ел ішінде қандай да бір қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана әрекет етуіміз керек пе деген сұрақ туындайды.
Ал Қазақстанда не себепті әлі күнге дейін аталған платформаға қатысты ұқсас шектеу немесе терең сараптамалық бағалау жүргізілмей отырғаны түсініксіз күйінде қалып отыр», - деген депутат Шапақ осыған орай, министрліктен төмендегі сұрақтарға ресми жауап беруді сұрады: 


1. Қазақстан Республикасында Roblox платформасының балалар мен жасөспірімдерге тигізетін психологиялық және әлеуметтік әсеріне қатысты арнайы зерттеулер жүргізілді ме?
2. Өзге елдерде Roblox платформасын бұғаттау тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда бұл платформаның қызметін шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма?
3. Сондай-ақ балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай нақты алдын алу шаралары қабылданып отыр?
4. ІІМ, Бас Прокуратурада онлайн ойын платформалары арқылы алаяқтық, бопсалау сияқты құқық бұзушылық факторлары тіркелген бе?


 «Аталған мәселелер қоғамның, ата-аналардың және балалардың қауіпсіздігі тұрғысынан аса маңызды екенін ескере отырып, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде хабарлауыңызды сұраймын», - деп айтып өтті Үнзила Шапақ.