30 қар, 2017 сағат 13:42

Отунбаева: Бәкиевті шығарып жібермесек қателікке бой алдырар едік (Видео)

Қырғызстан президенті болған Роза Отунбаева "Хабар" телеарнасындағы "Бітімгершілік миссиясы. Қырғыз дағдарысы" деректі фильмінде Қырғыз еліндегі мемлекеттік төңкерістен кейін Нұрсұлтан Назарбаевтан қандай кеңес алғанын айтып берді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.

"Бұл кезде маған Вашингтоннан Нұрсұлтан Назарбаев телефон соғып, былай деді: "Қырғызстандағы жағдайды талқылап жатырмыз, не болғанын. Медведев, Обама, мен. Ақылдаса келе, Бәкиевті босатқандарыңыз дұрыс болады деген шешімге келдік. Елден шығарсаңыздар. Сонда елдің жікке бөліну қаупі кетер еді". Бұл әңгіме жайлы уақытша үкімет мүшелеріне айттым, алайда уақытша үкіметте әркімнің пікірі әрқандай болды", - деп еске алады Отунбаева. 

Ол уақытша үкімет мүшелерінің шешім қабылдаудан бас тартқанын, сондықтан жауапкершілікті өзіне алғанын атап өтті. 

"Шешім қабылдау қажет болды, бұл өте шұғыл еді, осы шешімді уақытша үкімет басшысы ретінде мен қабылдадым. Мені әлі күнге дейін Бәкиевті елден шығару туралы шешім қабылдағаным үшін айыптап келеді. Оны адам өлтірген деп айыптайды, бірақ түсінесіздер ме, қаза болғандардың ата-анасының, туыстарының көңілі үшін "Қылмыскерді жазасыз жібере салған кім? Міне, Отунбаева жібере салды" деген мәселе бүгінде түрлі мүдденің өз мақсатында пайдаланып айтатын тақырыбына айналды. Меніңше, сол кезде Бәкиевті шығарып жібермесек, қателікке бой алдырар едік", - деді ол.


Сонымен қатар, Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бәкиев қарулы төңкерістің неліктен күтпеген жағдай болғанын айтып берді.