Фото: жеке мұрағат
Игілік Оразалы есімі елордалық көрермендерге жақсы таныс. Ол – Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрының жетекші актерлерінің бірі. Аталмыш өнер шаңырағында ол сомдаған айшықты кейіпкерлер көрерменнің сүйіктісіне айналып үлгерді.
Жұлдызды қадамы «Astana Musical» театрынан басталды. Ондағы ең жарқын бейнесі – Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзикліндегі Төлеген рөлі. Төлеген – Оразалының жұлдызын жаққан рөл болды.
Мюзикл дайындығын қазақтың Төлегені мен Жібегі – Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова тамашалайды. Сол сәтте отты Оразалы мен жалынды Инабат Ризабекова сахна корифейлерінің алдында барын салып өнер көрсетеді. Дайындық соңында Қ.Тастанбеков: «Асхат (Асхат Маемиров – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер), мына бала Жібекке Төлеген болып емес, Оразалы болып ғашық болып тұр. Екеуі келешекте үйленіп жатса таң қалма» – деп батасын береді.
Фото: жеке мұрағат
Тарлан актердің ақ ниетті батасы орындалып, Оразалы мен Инабат араға екі жыл салып шаңырақ көтерді.
«Қыз Жібек» мюзиклінің алғашқы премьерасы Қазақстанда емес, Францияның Париж қаласындағы «Le Trianon» театрында өтті. Оразалы Игілік пен Инабат Ризабекованың Төлегені мен Жібегі француз жұртшылығын таңғалдырды. Қазақ өнерін тағы бір биікке көтерді.
2018 жылы Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі ұйымдастырылды. Өнер додасының шымылдығы «Қыз Жібек» мюзиклімен ашылды. Сол сәтте, фестиваль басталмас бірнеше минут бұрын, бірін-бірі біраз жылдан бері жоғалтқан екі туыс дәл сол жерде табысты. Бұл оқиғаның куәгері осы жолдардың авторы – өзім болатынмын.
Фото: жеке мұрағат
Оразалы ел астанасындағы екі іргелі театрдың негізін қалады. Біріншісі – өзінің бағын ашқан «Astana Musical», екіншісі – «Музыкалық жас көрермендер театры». Екі өнер ошағында да Оразалының жолы болды. Қадамы құтты болды.
Оразалы – мінезді актер. Қай кейіпкерін алсақ та, сахнадағы отты жанары, өктем дауысы, ішкі жан-дүниемен ұштасқан актерлік техникасы көрерменді бей-жай қалдырмайды.
Мәселен, Д.Исабековтің «Гаухартас» музыкалық драмасындағы Тастан рөлі. Сахна алаңында нағыз дала перзентін көреміз. Оның жылқысын ерекше жақсы көретін сахнасы – актерлік шынайылықтың дәлелі. Тастан іштей жары Салтанатты да, інісі Қайыркенді де жақсы көреді. Бірақ оны білдіртпейді. Ішкі психологиялық шеберлік арқылы оның сезімі көрерменге анық сезіледі. Бұл – Оразалының рөл жасаудағы ерекшелігі.
Фото: жеке мұрағат
Италиян актрисасы Моника Беллуччи: «Актерлік ойын – ол тек қана сөзбен сөйлеу емес. Көзбен ойнату. Холи Хантер «Пианино» фильмінде бірде-бір сөз айтпай-ақ, көз шеберлігі арқылы «Оскар» сыйлығын алды» – дейді. Шынында, Оразалы да театр сахнасында көз жанарын шебер пайдалана алады.
«Шәмші» мюзиклінде ол Ақан серінің бейнесін жасады. Оның кескіндеуіндегі Ақан сері – тек жүрегі ән деп соққан өнер иесі ғана емес, Шәмшіге күш беретін, шабыт сыйлайтын қаһарман.
Жоғарыда атап өткенімдей, мінезді актер – бар болмысын, мінезін, күш-жігерін бейнесіне арнайтын өнер иесі. Бұл қасиет Игілік Оразалының бойына толық сіңген.
Отты актер Оразалының ізденісі мен еңбекқорлығы талай әріптесіне үлгі. Ата үмітін ақтап, өнер жолында тер төгіп жүрген оның көрерменді таңырқатар кейіпкерлері азаймайды деп сенеміз.
Бахтияр Тұрсын, театртанушы
