12 нау, 2020 сағат 10:05

Өткен жылы Қазақстанға қанша өзбек азаматы келді?

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Келісімге 2019 жылы сәуірде Ташкент қаласында екі ел сыртқы істер министрлері қол қойды. Келісімді ратификациялау көші ағындарын реттеу, азаматтардың мәселелерін шешу және заңсыз көші-қон желілерін анықтау үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

«Статистика бойынша 2019 жылы шекара арқылы 6 млн азамат кірген, оның ішінде 2,5 миллионы өзбек азаматы. 1,5 миллионы транзит арқылы басқа елге кеткен, ал 1 миллион азамат елімізде тіркелген, оның ішінде 500 мыңнан астамы уақытша келіп, жұмыс істегендер. Осы келісім арқылы қос азаматтықты жойып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Негізі, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінде заң бойынша қос азаматтық жоқ», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, өзбек тарапы келісімді ратификациялау тәртібін аяқтады.

Атап айтқанда, тараптар көші-қонмен айналысатын құзыретті органдар қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлесе жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру түріндегі ынтымақтастықты жүзеге асырады.