1 желтоқсанда Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 770 адам анықталды, 499 адам жазылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, сейсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 141, Солтүстік Қазақстан облысында - 107, Павлодар облысында - 106, Ақмола облысында - 90, Қостанай облысында - 84, Нұр-Сұлтанда 66 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Өткен тәулікте Ақтөбе облысында науқас тіркелмеген.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 133 118 адамға жетті: 117 мыңнан астамы жазылған, 2034-і қайтыс болған.
Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 42 215 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 443 адам қайтыс болған, 30,5 мыңнан астамы жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сенсек, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясынан 13 707 адам емделіп жатыр.
«Олардың арасында 967 бала бар. Стационарларда 3 492 науқас жатыр. 10 215 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.
Жалпы науқастардың арасында 223 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 32 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 30 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр», - делінген хабарламада.