15 қаң, 2021 сағат 07:00

Бір күнде коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар 911 адамға артты

14 қаңтар күні вирус ПТР тестімен расталған науқастардың 835 адамға, коронавирус пневмониясына шалдыққандардың 76 адамға артқаны мәлім болды. ПТР тестімен расталған науқастар арасында 6 адамның, коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 1 адамның қайтыс болғаны анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің 15 қаңтар таңертең хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.

Өткен тәулікте елдегі ең ірі қала Алматы қаласында 131 адамнан коронавирус анықталған. Бұл республика бойынша тәуліктік ең жоғары көрсеткіш. Атырау облысында - 85, Павлодар облысында - 75, Нұр-Сұлтанда - 74, Қостанай облысында - 73, Алматы облысында - 69, Ақмола облысында - 68, Қарағанды облысында - 42, Шығыс Қазақстан облысында - 41, Батыс Қазақстан облысында - 41, Солтүстік Қазақстан облысында - 50, Шымкент қаласында - 25, Түркістан облысында 21 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қалған облыстар мен қалаларда бір күнде анықталған науқастар жиырмаға жетпейді.

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар 166 146 адамға жеткен.

Қазақстан билігі 1 тамыздан бері пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне жеке код беріп, бөлек есептеп келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамызға дейін пневмонияның бірнеше түрін бірге есептегенін айтады. 6 айға жуық уақыт ішінде 46 666 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 533 адам қайтыс болған. 34 мыңнан астам адам жазылған.

15 қаңтардағы мәлімет бойынша, 23 734 адам короновирус инфекциясынан (11 922 КВИ+ және 11 812 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 6 142 пациент стационарда, 17 592 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

- 285 адамның жағдайы ауыр;

- 76 пациенттің жағдайы өте ауыр;

- 47 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.