10 қар, 2023 сағат 15:18

Отбасындағы зорлық-зомбылықты тек заңнама өзгертумен шешуге болмайды – Әшімбаев

Фото: Sputnik Қазақстан

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Kazinform

«Кейінгі жылдары осындай қылмыстарға жол бермеу бағытында заңнаманы өзгерткенбіз. Қылмыстық кодекстің де баптарын өзгертіп, мұндай әрекеттерге жауапкершілікті күшейттік. Отбасыларда осындай жағдайлардың алдын алу үшін бірнеше мәселеге көңіл бөлу керек. Заңнаманы ары қарай күшейту керек болса, біз оған дайынбыз. Бірақ бұл мәселені тек заңнаманы өзгертумен шешуге болмайды. Атап айтқанда, жастардың, азаматтардың арасындағы мәдениет деңгейін де көтеру керек. Елімізде осы бағытта үлкен жұмыстарды атқару керек деп ойлаймын», - деді Әшімбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдар жұмыс атқарып жатыр. Дегенмен осы іс-қимылдар жеткіліксіз болуы мүмкін.

«Жалпы, түсіндіру, ағарту жұмыстары керек екені анық. Мектептерде, университеттерде тәрбие жұмыстарын күшейту керек. Себебі көп мәселе тәрбиеге байланысты. Өзара сыйластық, құрметтеу, қыздарға қол көтермеуді бала кезінен түсіндірген жөн. Сондықтан бұл проблемада тәрбие жұмыстарындағы кемшіліктерді көріп тұрмыз десек, артық болмайды», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев өз әйелін ұрып өлтіргені мәлім болды.