коллаж: Әсел Балтақызы, aikyn.kz
Қазақ халқы үшін отбасы – тек қана шаңырақ емес, барша ұлттық құндылықтардың бастауы. Халық даналығында «Отбасы – тәрбиенің мектебі» деп бекер айтылмаған. Себебі адам бойындағы ізгі қасиеттер мен ұлттық рух алдымен әке-шеше мен ата-әженің тәлімінен, үй ішіндегі қалыптасқан дәстүрлерден дариды. Осы орайда Ult.kz тілшісі дәстүр мен қоғам сабақтастығын қарастырып көрді.
Ұрпақ сабақтастығы
Отбасылық дәстүрдің ең басты маңызы – ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуінде. Әрбір әдет-ғұрып, әрбір салт-жора арқылы ата-бабаның өмірлік тәжірибесі мен өсиеті кейінгі буынға жалғасады. Мәселен, жеті атасын білу, үлкеннің алдын кеспеу, қонақты төрге шығару сияқты қарапайым қағидалардың астарында ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие мен өнеге жатыр. Қоғам қайраткері Асылы Османның айтуынша, қазақ ұғымындағы «отбасы» сөзінің өзі терең мәнге ие.
Фото: cultural.kz
«Өйткені барша игілік пен барлық тәрбие отбасынан бастау алады. Отбасының басты құндылығы – ата-бабадан жалғасқан әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді сақтау. Бұл – ұрпаққа берілетін баға жетпес қазына.
Отбасындағы үлкен мен кішінің сыйластығы, әке мен шешенің өзара байланысы, ата-ананың балаға берген тәрбиесі – бәрі де ұлттық құндылықтың өзегі. Қазаққа тән өзгеше дәстүрлер бар: жеті атасын жатқа біліп, қыз алыспау арқылы қан тазалығын сақтауы, келіннің үлкеннің алдынан өтпеуі – ұлттың ерекше болмысын көрсетеді. Мұндай асыл қасиеттерді ешбір өзге халықтан таппайсыз.
Қазақтың жаны мен рухының тірегі – тілі. Тіл арқылы дәстүр де, ғұрып та, тәлім-тәрбие де ұрпаққа жетеді», – дейді Асылы Осман.
Дәстүр – қоғамдағы тәртіп пен сыйластықтың кепілі. Қазақ ешқашан үлкенге дауыс көтермей, кішіні кемсітпей сөйлеген. Әрқайсысына лайықты ат қойып, ерекше құрмет көрсеткен. Мұның барлығы отбасы мүшелерінің арасындағы сыйластықты бекітіп қана қоймай, тұтас қоғамдағы қарым-қатынасты реттеп отырған.
Отбасылық дәстүрлер – тәрбиенің ең үлкен мектебі. Ана әлдиі, әке ақылы, ата батасы, әже ертегісі – мұның бәрі баланың санасына ізгілік, мейірім мен адалдық дәнін себеді. Әсіресе бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндет той сияқты рәсімдердің бала тәрбиесінде терең мәні бар. Қазақ «Әкенің сесі – балаға ес» деп бекер айтпаған. Балаға айтылған әрбір сөз, көрсетілген әрбір іс – болашақ өміріне бағдар.
Ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы
Дәстүрдің тағы бір үлкен маңызы – ұлттық бірегейлікті сақтауында. Әлемдік мәдениет ықпалы күшейген қазіргі заманда өз тамырымызды ұмытпай, ұрпақтың бойына ұлттық кодты сіңіру – басты міндет. Тіл, әдет-ғұрып, салт-жоралғылардың бәрі ұрпақтың бойындағы қазақы болмысты сақтап, елдігіміздің іргесін бекітеді. Бұл туралы этнограф Бұлбұл Кәпқызы айтып берді. Оның сөзінше, қазақ отбасы – әрбір мүшесінің өз орны мен міндеті айқындалған ерекше құрылым. Атаның, әженің, әкенің, ананың, ұл мен қыздың орнын халық ежелден нақты белгілеп берген. Мұның бәрі сыйластықтан бастау алады.
Фото: Бұлбұл Кәпқызының facebook парақшасынан
«Қазақ ешқашан бір-біріне дауыс көтермеген, әркімге лайықты құрмет көрсеткен. Әр отбасы мүшесіне арнап ат қойып, солайша сыйын білдірген. Әсіресе қыз балаға ерекше ілтипат жасалған: оны төрге отырғызып, жат жұрттық деп ардақтаған. Жаңа түскен келін үлкендердің атын атамай, арнайы ат қойған – бұл да үлкен тәрбиенің белгісі.
Қазақтың дәстүрінде алғашқы немере әке-шешеден гөрі ата мен әжеге тиесілі болған. Бұл – үлкенді қадірлеудің тағы бір көрінісі. Осындай құндылықтар жоғалған сайын отбасының ішкі сыйластығы да азая бастады. Қазақ ежелден бір-біріне «сіз» деп сөйлеген, «сен» деп тура айтпаған. Бұл – құрметтің ең жоғарғы үлгісі», – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Қазақ дәстүрі және әлем халықтарының ұқсастықтары
Қазақтың көптеген дәстүрлері қырғыз, өзбек, түрікмен, ноғай, татар сияқты туысқан түркі халықтарына жақын. Мәселен, балаға ат қою, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндет той жасау – түркі дүниесінің ортақ жоралғылары. Қыз ұзату, келін түсіру рәсімдері де ұқсас сипатта өтеді. Дегенмен қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі – ерекше құндылық. Бұл қағида қаны мен жаны таза ұрпақ тәрбиелеудің ұлттық кепілі болып келеді.
Сонымен қатар, Моңғолдарда да қазаққа тән дәстүрлер кездеседі. Олар да жеті ұрпаққа дейін қыз алыспаған, баланы ағаш бесікке бөлеген. Жаңа түскен келіннің үлкендердің атын атамай, арнайы ат қоюы қазақтағы ат тергеу дәстүрімен ұқсас.
Ал чечен, ингуш, дағыстандықтарда да үлкенді сыйлау дәстүрі қатаң сақталған. Қазақ секілді олар да «сіз» деп сөйлеп, ата-ананы ерекше ардақтайды. Қыз балаға құрмет көрсету, төрге отырғызу – қазақ пен кавказ халықтарының ортақ мәдени қазынасы. Сонымен қатар, қазақтың бата беру дәстүрі араб пен парсының дұға-тілек айтуымен үндес. Қонақжайлықта да ұқсастық көп: қазақ «қонақ келсе – құт» десе, арабтар да қонағын төріне шығарып, барын алдарына қояды.
Қазақ пен жапон дәстүрлерінің арасында да рухани жақындық бар. Екі халық та үлкенді сыйлауға, ата-ананы ардақтауға ерекше мән береді. Қарапайымдылық пен әдептілік – екі мәдениетке ортақ қасиет.
Қазақ дәстүрлері – әлем халықтарының әдет-ғұрыптарымен сабақтасып жатса да, өзегінде қайталанбас ерекшелігі бар қазына. Дәстүр – ұлттың тамыры, рухани тірегі. Сондықтан оны сақтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.
Ақбота Мұсабекқызы
