Зейнетақы қорындағы жинақтар есебінен депозиттерді толтыру мүмкіндігі пайда болғаннан кейін 6 сағат ішінде қазақстандықтар 30 млрд теңге алуға өтінім берген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" банктің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап.
«enpf-otbasy.kz онлайн-платформасында - зейнетақы жинақтарын Отбасы банкіндегі депозитке аудару мүмкіндігі пайда болған алғашқы 6 сағатың ішінде қазақстандықтар өз депозиттеріне 30 миллиард теңге аударуға өтінім берген.
Отбасы Банкінің тәжірибелі салымшылары мемлекеттік сыйлықақыны күтіп, болашақта депозиттерді ең тиімді ипотекалық бағдарламалар бойынша бастапқы жарна ретінде пайдалану үшін өз депозиттерін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін толықтыруға асығуда», - деп жазылған банктің ресми парақшасында.
Бұл операцияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін перне бүгін сағат 10:00-де пайда болды.
Ол үшін enpf-otbasy.kz онлайн-платформасына ЭЦҚ көмегімен кіріп, «Мақсатты таңдау» пернесін басып, «Тұрғын үй сатып алу» бөлімінде «Одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ салымын толықтыру» - деген мақсатты таңдау қажет.
Банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ, барлық өтінімдер онлайн түрде қабылданады.
Естеріңізге сала кетейік, біржолғы зейнетақы төлемдерін алу бойынша онлайн-платформамен жұмыс істеу кезінде сізге nclayer сертификаттарын орнату қажет. Сертификаттарды Pki.gov.kz сайтында орнатуға болады. Зейнетақы жинақтарын алу бойынша барлық іс-шаралар тек компьютерден ғана қолжетімді болатынын есте ұстаған жөн. Мобильді нұсқа қолжетімді болмайды.
Айта кетейік, 16 желтоқсаннан бастап enpf-otbasy.kz онлайн-платформасында - «Отбасы банкіндегі салымды толықтыру» батырмасы пайда болды.
Сонымен қатар Зейнетақы жинағын банктегі депозитке аударған соң үш жыл ішінде тұрғын үй заемын ресімдеу қажет.
2022 жылдың 1 қаңтарынан біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтерілетіні мәлім етілген болатын. Кейін ҚР Президенті шекті межені 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін көтермеуді тапсырды.
