ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті отандық спортшыларды коронавирустан сақтандыру үшін ахуалдық штаб құрып, жарыс кестелерін қайта қарауда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ұлттық Олимпиадалық комитет отандық спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолға алады. Елдің олимпиадалық ведомствосында коронавирусқа байланысты келеңсіз жағдайдан сақтану мақсатында арнайы штаб құрылды. Ұлттық құрамалардың жарыс және жаттығу кестелері қайта қарастырылуда», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының денсаулығын қорғау мақсатында кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев ұлттық құрамалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.
«Ұлттық Олимпиадалық комитет үшін спортшылардың денсаулығы өте маңызды. Сақтық шараларымен қатар, қауіпсіздік шараларын да күшейту қажет. Бізде ұлттық федерациялармен бірге коронавирустың таралмауы және қазақстандық спортшыларды індеттен қорғау бойынша алдын-алу шараларына қатысты біртұтас және берік ұстаным болуы керек. Алдын алу шараларының барлығын қолдану қажет», - деді Тимур Құлыбаев.
ҰОК басшысының тапсырмасы бойынша құрылған ахуалдық штаб құрамына түрлі департаменттің қызметкерлері кірді. Арнайы штаб қызметіне күнделікті мониторинг жүргізу,қазақстандық спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұсыныстар әзірлеу және қажет болған жағдайда шұғыл шаралар қолдану кіреді.
Бүгін Қазақстан ҰОК штаб-пәтерінде ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков, вице-президент Андрей Крюковтың басқаруымен мемлекеттік жаттықтырушылар мен ұлттық федерация өкілдеріне арналған жиналыс өтті. Жиында ұлттық федерацияларға қазақстандық командалардың шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысу кестесін қайта қарау ұсынылды.
Қазақстан ҰОК барлық ұлттық спорт федерацияларын олимпиадалық спорт түрлерінен жағдайды ерекше бақылауға алуға және спортшылардың денсаулығын барынша қорғауға шақырды.