25 жел, 2025 сағат 13:11

Осы жылы телефон алаяқтары 6,1 мыңнан астам азаматты алдаған

Фото: ашық дереккөз

Бас прокуратура телефон алаяқтарының әрекеттері мен олардан қорғанудың жаңа тәсілдері туралы ескертті. Ведомство мәліметінше, биыл телефон алаяқтарының құрбанына айналған азаматтардың саны 6,1 мыңнан асқан, деп хабарлайды Ult.kz.

Құзырлы органның хабарлауынша, алаяқтық схемалар күрделене түскенімен, негізгі әдіс өзгеріссіз қалып отыр. Әдетте жәбірленушінің телефонына «1414» қысқа нөмірінен SMS-код келеді. Бұдан кейін алаяқтар мемлекеттік орган, банк немесе курьерлік қызмет қызметкері ретінде хабарласып, сол кодты айтуды сұрайды.

Осыдан соң екінші қоңырау түсіп, қаскүнемдер өздерін банк, полиция немесе ҰҚК-нің «қауіпсіздік қызметі» ретінде таныстырады. Кей жағдайларда байланыс бейнеқоңырау арқылы да жүзеге асады. Алаяқтар алдыңғы қоңырау жалған болғанын айтып, кодтың көмегімен шоттағы қаражат есептен шығарылуы немесе несие рәсімделуі мүмкін деп қорқытады.

Сенімге кірген соң олар жәбірленушіні несие рәсімдеуге және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Нәтижесінде қаражат жымқырылып, азаматтың атына алаяқтық несиелер рәсімделеді.

Бас прокуратура мәліметінше, бұрын «1414» нөмірінен SMS-код алу үшін тек телефон нөмірін енгізу жеткілікті болған. Қазір бұл жүйелерге қол жеткізу тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба немесе eGov QR-код арқылы жүзеге асады. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап аталған талаптарды енгізбеген жүйелер «1414» SMS-шлюзінен ажыратылған.

Бас прокуратура азаматтарға мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-кодтарды, карта деректерін немесе парольдерді сұрамайтынын, «қауіпсіз шот» деген ұғымның жоқ екенін еске салды. Сондай-ақ күдікті қоңыраулар кезінде жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге және күмән туындаған жағдайда дереу банкке немесе уәкілетті органдарға жүгінуге шақырды.

Құзырлы орган қазақстандықтарды қырағы болуға және кибергигиена ережелерін сақтауға үндеді.