03 мау, 2021 сағат 12:32

Өскеменде ағаш жапырақтарының кенет сарғаюына байланысты тексеру жүргізілуде


Өскеменде ағаш жапырақтары күрт сарғайып кетті. Осыған орай тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл жайында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өскемен учаскелерінің бірінде ағаш жапырақтарының күрт сарғайып кеткендігі туралы хабарламаға байланысты мұндай құбылыстың себебін тексеру және зерттеу жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Қазмырыш» ЖШС-на тексеру жүргізіледі. Ертең экологтарымыз комбинатта техникалық регламенттерді есепке алу журналдарының бәрін тексеріп, инженерлер мен технологтардан жауап алады. Айта кетерлігі, «Қазгидромет» РМК мониторинг стансасы 27 мамыр мен 2 маусым аралығында өнеркәсіптік шығарындылардың қандай да бір нормадан асқандығын тіркеген жоқ. Қалай десек те, тексеру солай екендігін көрсетуі тиіс. Сондықтан әзірше қорытынды шығаруға ерте», - деп жазды Самал Ибраева Facebook парақшасында. 

Оның атап өтуінше, Төтенше жағдайлар басқармасында да, Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінде де жаппай шығарындылардың орын алғандығы туралы мәлімет жоқ. Осыған орай министрлік өкілі қандай да бір ақпарат білетін қала тұрғындарынан Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментіне жүгінуді өтінеді. 

«Құпия қалатынына кепіл береміз. Мемлекеттік органдарға ғана үміт артпай, кәсіпорын қызметкерлерінің де шынайы ақпарат ұсынуға жәрдем көрсетуі маңызды. Сондықтан да қаланың өнеркәсіптік кәсіпорнының техникалық қызметкерлерінен шығарындылар туралы шынайы ақпарат ұсынуға шақырамыз», - деді ол.