18 қар, 2021 сағат 14:38

Өскемен тұрғыны көпқабатты үйде теракт болады деп полицияға өтірік айтқан


Өскемен қаласының тұрғыны полицияға теракт туралы жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 қарашада таңғы сағат 05.13-те «102» жедел арнасына қоңырау шалған азамат теракт болатыны туралы хабар берген. 

«Өз сөзінде ол теракттың Сәтпаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінде сағат 06.00-07.00 шамасында болатынын жеткізді. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты. Полицейлер қоңырау шалған ер адамның кім екенін жедел анықтаған. Мас күйдегі 41 жастағы шаһар тұрғыны әзілдегенін айтты», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.

Сараптама нәтижесіне сәйкес, ер адам орташа дәрежеде мас болған. 

Тәртіп сақшылары оны ҚР ӘҚБтК 438-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартып, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.