16 нау, 2026 сағат 11:12

«Оскар–2026» сыйлығының жеңімпаздары жарияланды

Фото: Reuters

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында кино саласындағы ең беделді марапаттардың бірі – 98‑ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шара Dolby Theatre сахнасында ұйымдастырылып, 2025 жылдың үздік фильмдері марапатталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Кештің басты жеңімпазы режиссер Пол Томас Андерсон түсірген "Битва за битвой" фильмі болды. Картина «Үздік фильм» атанып қана қоймай, «Үздік режиссер», «Үздік бейімделген сценарий», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» және «Үздік монтаж» номинациялары бойынша жүлде алды. Екінші пландағы үздік рөл үшін марапат актер Шон Пеннге берілді.

«Үздік ер адам рөлі» номинациясында Майкл Б. Джордан "Грешники" фильміндегі рөлі үшін жеңімпаз атанды. Бұл санатта сондай-ақ Тимоти Шаламе, Леонардо Ди Каприо, Итан Хоук және Вагнер Моура да үміткер болды.

«Үздік әйел рөлі» жүлдесін Джесси Бакли "Хамнет" драмасындағы рөлі үшін иеленді. Ал «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» марапаты Эми Мэдиганға "Оружие" фильмі үшін табысталды.

"Грешники" картинасы техникалық номинацияларда да жеңіске жетіп, «Үздік операторлық жұмыс» пен «Үздік түпнұсқа музыка» жүлделерін алды. Фильмнің музыкасын композитор Людвиг Йоранссон жазған.

«Үздік толықметражды анимациялық фильм» аталымында "Кей‑поп‑охотницы на демонов" жеңімпаз деп танылды. Ал «Үздік шетелдік фильм» жүлдесі норвегиялық "Сентиментальная ценность" фильміне берілді.

"Франкенштейн" фильмі де бірнеше техникалық марапатқа ие болды. Картина «Үздік костюмдер», «Үздік грим және шаш үлгісі» және «Үздік көркемдік безендіру» номинацияларында жеңіске жетті. Фильмнің көркемдік безендіруіне Тамара Деверелл жауап берсе, декорацияларын Шейн Вьо жасаған.

«Үздік визуалды эффектілер» жүлдесі "Аватар: Пламя и пепел" фильміне берілсе, «Үздік дыбыс» номинациясында "Формула‑1" картинасы жеңімпаз атанды.

«Үздік түпнұсқа сценарий» аталымында режиссер Райан Куглердің "Грешники" фильмі үздік деп танылды.

Қысқаметражды фильмдер санатында екі жоба – "Певцы" және "Два человека, обменивающиеся слюной" бірдей жеңімпаз атанды.

«Үздік толықметражды деректі фильм» номинациясында "Мистер Никто против Путина" жеңіске жетсе, «Үздік қысқаметражды деректі фильм» ретінде "Все пустые комнаты" танылды.

Ал «Үздік кастинг» жүлдесі "Битва за битвой" фильміне берілді. Бұл фильмнің актерлік құрамын іріктеуді кастинг-директор Кассандра Кулукундис басқарған.

Музыкалық номинацияда "Кей‑поп‑охотницы на демонов" фильміндегі «Golden» композициясы үздік ән деп танылды.