Шығыс Қазақстан облысының жұршылығы Риддердегі өрттен зардап шеккен отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Риддердегі алапат өрттен кейін шығысқазақстандықтар жедел қаражат жинап, гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Азық-түлік пен киім-кешек тиелген жүк көліктері өрттен зардап шеккендерге жіберілуде.
«Өңір халқы ел басына күн туғанда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білді. Қазірдің өзінде облыстың барлық аудандарында гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылып, еңбек ұжымдары бір күндік жалақысын аударды. Кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетсе, еріктілер мен өзге де тұрғындар киім-кешек пен азық-түлік жіберуде», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.
Семейден көмек ретінде Риддерге 16 млн теңгеден астам қаржы жіберілді. Абай ауданының тұрғандары зардап шеккендерге 2 млн теңгеден астам көмек аударды. Глубокое ауданында кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтары иелерінің және басқа да азаматтардың қолдауымен азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі заттары бар «Газель» автокөлігі көмекке жөнелтілді. Сондай-ақ қайырымдылық қорына қаражат аударылып жатыр.


