01 нау, 2022 сағат 17:50

«Орталыққа тәуелді партия бюрократиялық тетіктерге байлаулы болады»


Децентрализация – дұрыс шешім. Орталыққа тәуелді партия бюрократиялық тетіктерге байлаулы болады. Бұндай кедергілер халықтың аманат деп беріп отырған дүниелерін орындауға жол бермейді. Қағазбастылық, бюрократиялық тежеу күштерінің барлығы партияның жаңаша жұмыс істеуіне кесірін тигізетін ең басты дүние деп ойлаймын. Сондықтан Президенттің бастауымен және хатшылықтың бастауымен партияның бүгінгі модернизациялауға деген бет бұрысы – уақытылы жасалған қадам. 

Мәжіліс қатарына келген жаңа депутат және партияның саяси кеңесінің мүшесі Саясат Нұрбектің сөзі маған қатты әсер етті. Оның ұсынып отырған дүниелері өте дұрыс деп есептеймін. Халықтың беріп отырған аманаты, жазылатын өтініштер, шағымдар – осының барлығы үлкен ақпарат базасы. Сол ақпарат базасына сараптау жасау, оны сұрыптау, оны белгілеу әрине белгілі бір деңгейде жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жұмыстар қазіргі заманға сай емес. Сондықтан Саясат Нұрбектің Big Data деген терминмен енгізіліп отырған бастамасы өте құптарлық.

Осы сараптау жұмыстары Big Data арқылы жүргізілетін болса, бүгінгі мынау шағым-арыздардың ішіндегі хаос, ақпараттық хаос орын-орнына келіп, жеке-жеке қарастыруға және жұмысты белгілі бір бағытқа қоюға, әр депутаттың мүмкіндігін дұрыс пайдалануға өзінің оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. 

Дана НҰРЖІГІТОВА,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты