Жер үйлердегі өрттердің 26 пайызы пештің дұрыс орнатылмауынан болады. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин халыққа есеп беру кездесуінде осындай мәлімет берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қыста өрттердің саны 9%-ға өсті. 5 462 өрттен 276 адам қаза тапты. 2019-2020 жылғы маусымда 5001 өрт 222 адамның өмірін қиған болатын. Мұның себебін талдасақ, негізгі үлес тұрғын үй секторына тиесілі деп айтуға болады. Оның ішінде 45% (2 461 өрт) шаруашылық құрылыстарына, жеке 43,6% тұрғын үйлерге (2 382 өрт), 11% көп қабатты үйлерге (619) келеді», - деді Төтенше жағдай министрі.
Ведомство басшысы өрт ошақтарының 30 пайыздан астамы пеш тұрған ас үй мен тұрғын бөлмелерден шығатынын айтады.
«Өрт қауіпсіздігінің бұзылу себептері бойынша пештерді орнату және пайдалану кезінде 1 420 өрт «26%), электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде 1 483 өрт (27%) болған. Қаза тапқан 276 адамның 97-сі (немесе 35%-ы) мас болса, 59-ы (немесе 21%-ы) төсекте жатып темекі шеккен», - дейді Юрий Ильин.
Министрдің айтуынша, азаматтардың қауіпсіздігі үшін әкімдіктердің көмегімен 25 427 үйде өрт датчигі орнатылған. Сол құрылғылардың дер кезінде белгі беруінің арқасында биыл 15 адам аман қалған. Ішінде кәмелетке толмаған 8 бала бар.
«Жергілікті атқарушы органдармен электрмен жабдықтауды ауыстыру және жөндеу және жылыту жүйелерін тазалау бойынша мәселелер белсенді пысықталуда. Мысалы, біздің бастамамыз бойынша Ақмола облысы Атбасар ауданының әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға электр сымдарын ауыстыру және жылу жүйелерін жөндеу бойынша 1 млн 290 мың теңге, қызмет көрсетуге 1 миллион теңгеден астам қаржы бөлді», - деді ведомство басшысы.
