Оралда 17 жастағы қыз суға батып кеткен, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД". Оқиға 6 шілдеде болған. Марқұм туыстарымен бірге шомылуға келген. Олар туған күн тойлап жатқан.
"Екі қыз суға батты. Біреуін әкесі құтқарды, оны жағалауға алып шықты. Сосын ол екіншісін құтқаруға тырысты. Бірақ су өте терең. Мен де суға сүңгідім, бірақ қыздың денесін таппай қалдық", - деді "Светлячок" турбазасының қызметкері.
Оқиға орнына БҚО ТЖД жедел құтқару қызметкерлері келген. "Дерқұл өзенінен БҚО ТЖД қызметкерлері 1999 жылғы қыздың денесін алып шықты. Мәйіт туыстарына тапсырылды", - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанова.
Қайтыс болған 17 жастағы Рабиға Баймұратованың туыстары қыздың Жәнібек ауданынан Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетіне оқуға түсуге келгенін айтып берді. Рабиға ҰБТ-дан 120 балл жинаған, ол журналист болуды армандапты.
"Біз "Светлячок" турбазасының басшылығын кінәлап отырмыз. Олар ақша алып, демалысты ұйымдастырады. Ал жағалауда неліктен құтқарушылар болмаған? Шомылу орны тормен қоршалмаған", - деді қайтыс болған қыздың ағасы.
Ал "Светлячок" турбазасының директоры өз кезегінде жағалаудың ресми емес екенін және өз территориясына жатпайтынын мәлімдеді.
"Өзенге қалаған адам түсе алады. Қоғамдық жағалау бұл. Оны қоршағымыз келген, бірақ саяжай тұрғындары қарсы болды. Біз үйшіктер мен палаткаларды ғана жалға алдық. Бұл жағалауды ресми тіркегенін біз де қалаймыз, сонда ғана бұл жерде құтқарушылар болатын еді, жағалауды таза ұстайтын едік. Бірақ бізге бұл жерді жалға бермейді. Қаза тапқан қыздың туыстарына көңіл айтамыз", - деді турбазаның директоры Кенжебұлат Түсіпалиев.