05 мам, 2021 сағат 15:53

Оралда құрастырылған «Түркістан» шағын күзет кемесі суға түсірілді


Бүгін Оралда Жеңіс күні қарсаңында «Түркістан» шағын күзет кемесі Шаған өзенінде суға түсірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысына сәйкес «Айбар» жобасы аясында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ға қарасты Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылған 27-інші кеме Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жол тартады.

Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев атап өткендей, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ теңіз күзетіне арналған кеме-катерлерді 1993 жылдан бері жасап келеді.

Су ығыстырылымы 70 тоннадай «Түркістан» кемесі сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүзе алады. Ол теңіз дауылына да төтеп береді. 

Алдағы уақытта «Зенит» зауытында су ығыстырылымы бұдан 10 есе үлкен кемені құрастыру жоспарлануда.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі басқармасының басшысы Сабыр Хасанов бұған дейін «Зенит» зауытынан шығарылған корабльдер секілді, «Түркістан» кемесінің де көп ұзамай теңіздегі шекара күзетіне кірісетінін жеткізді.