20 мам, 2020 сағат 12:04

Оралда кейуана мен оның мүгедек ұлын өлтірген күдіктілер ұсталды

Оралда кейуана мен оның мүгедек ұлын өлтірген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Асхат Теміржановтың мәлім еткеніндей, қанды оқиға өткен жылы 7 қыркүйекте орын алды. 

Циолковский көшесі 53-үйден зорлықпен өлтірілген 1934 жылғы зейнеткер кейуана мен оның ұлы, 2 топ мүгедегі, ДЦП сал ауруымен ауырған 1959 жылғы ер адамның денесі табылған болатын. 

Оқиға орнынан 130 мың теңге мен 75 мың теңгенің алтын бұйымдары ұрланғаны белгілі болды.

Сот-медициналық сараптамаға сәйкес марқұмдар тұншықтырылған әрі жабық бас-ми жарақаттарын алған. 

Кешенді тергеу шаралары барысында 1992 жылғы Т., 1993 жылғы З. және 1991 жылғы К. есімді күдіктілер анықталды.

Ұсталғандардың бірі кінәсін мойындап, тергеу орындарына көмектесуге келісті. Ол ұрланған заттың қайда тұрғандығын көрсетті. 

Қалған екі күдіктінің де кінәсі толықтай дәлелденді. Мысалы, ұрланған алтын бұйымның молекулярлық-генетикалық сараптамаға сәйкес марқұм әйелге тиесілі екендігі анықталды. Сондай-ақ күдіктілердің бірінің киімінде зейнеткердің ДНК-сы табылды. 

«Күдіктілерге қатысты сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысы шыққаннан кейін істі сотқа жіберу туралы процессуалдық шешім қабылданатын болады», деді А.Теміржанов. 

Орал қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, осы оқиғаға байланысты көптеген жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде жедел іздестіру шаралары барысында басқа 63 қылмыс ашылған. Бұдан басқа криминалдық полиция қызметкерлері іздеуде жүрген 11 адамды (соның 9-ы қылмыстық құқықбұзушылық жасаған) ұстап, жоғалып кеткен 2 адамды тапты.