11 мам, 2018 сағат 08:49

Оралда ер адам енесін атып өлтіріп, қайын атасын жаралады

10 мамыр күні кешкілік Орал қаласындағы «Құрылысшы» шағынауданында көпқабатты үйлердің бірінде қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем сағат 20.24-те шақырылып, олар үш минуттан кейін жеткен.

«Оқ тиген 60 жастағы әйел жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Ішінен оқ тиген 1951 жылғы ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Оған түнде ота жасалды. Ота алты сағатқа созылды. Жағдайы ауыр», - деді А.Сақпосынова.

Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, жас адам енесін атып өлтірген. Қайын атасына да оқ тиген.

"Күйеу баласы енесін атып тастады, ол қайтыс болды. Сосын қайын атасын атты. Ол тірі, жедел жәрдем алып кетті. Мен олардың "Көмектесіңіздер, көмектесіңіздер" деген айқайлаған дауыстарын естідім. Осы кезде дүкенге бара жатқан едім. Сыртта әжелер тұрған. Оларға жастарды шақыруын, әйелге көмектесу керектігін айттым. Оқ атылған сәтті де естідік", - дейді үйдің тұрғыны Мария Амелякина. 

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.