30 қар, 2022 сағат 15:36

Оралда ауруханаға емделуге барған қала тұрғыны комаға түсті

© Sputnik / Варвара Гертье

Орал қаласында ауруханаға ем алуға барған 36 жастағы Ғабит Ғұмаров комаға түсті. Туыстары аурухана мамандарын кінәлап отыр. Ал дәрігерлер басқаша уәж айтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Astana TV арнасына сілтеме жасап.

13 қазанда мазасы қашқан Ғабит Ғұмаров жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ олардың көмегі қан қысымын тексерумен ғана шектеліпті. Жақын жердегі емхана да ковид болса ғана жәрдемдесеміз деп қайтарған. Содан жағдайы нашарлап кеткеннен кейін ауруханаға барады. Бірақ дәрігерлер де өкпең қабынып, суық тиген деп, үйде емделуге кеңес беріпті.

"Баламды ауруханаға жатқыз дегенде алған жоқ. Бір күн болса да, ауруханаға жатқызу керек еді. Жоқ, алмаймыз деп балама айғайлап, қуғандай етіп шығарып салды. Аяғымен келген балам коляскамен шықты ауруханадан", - дейді Балғаным Ғұмарова.

Ғабит түнімен қиналып ауырған соң, анасы учаскелік дәрігерді тағы шақыртады. Сол кезде ғана 36 жастағы жігіттен инсульт анықталған. Науқас дереу жансақтау бөліміне жатқызылғанымен, дер кезінде көмек көрсетілмей қалған.

"Жай антибиотик берсеңіз жазылады деді. Инсульт алғанын байқамай тұр. Жедел жәрдем де, учаскелік дәрігер де, облыстық ауруханадағы дәрігерлер де давлениеге қарсы ешнәрсе берген жоқ. Қан қысымымен барған адамды қабылдамай, инсульт соқтырып, қазіргі жағдайы ишемиялық инсульт болып реанимацияда жатыр", - деп атап өтті Назгүл Ғұмарова.

Қазір Ғабит ес-түсін білмейді, бірнеше күннен бері комада жатыр. Ал туыстары дәрігерлердің қате диагноз қойып, салғырттық танытқанына өкпелі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да дәрігерлердің инсульт белгісін дер кезінде анықтай алмағанын растап отыр.

"Негізі, инсульттің белгісін тап басу оңай емес. Қазір осы оқиғаға кінәлі мамандарға сөгіс берілді. Медициналық көмектің сапасын бақылау комитетіне хат жолданып, дәрігердің қателігі бар екені туралы жауап алынды",- деді басқарманың баспасөз хатшысы Айнгүл Сақпосынова.

Ал Ғабиттің туыстары полицияға арызданып, дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етті. Бауырының беті бері қарамаса, сотқа береміз дейді.