23 мам, 2020 сағат 12:05

Оралда әкесін өлтірген тұрғын 10 жылға сотталды

Батыс Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Д.Меңдіғалиевке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпрат".

Аталған соттан түскен мәліметке қарағанда, іс бейнебайланыс жүйесі және TrueConf бағдарламасы арқылы қаралды. 

Бұрын сотталмаған Д.Меңдіғалиев ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сот тергеуінде Д.Меңдіғалиев айыбын мойындап, шын өкінетінін білдірді және оның кінәсі толық дәлелденді. 

Сот талқысында анықталғанындай, Д.Меңдіғалиев биыл 10 ақпанда кешке жездесімен бірге әкесі тұратын пәтерге келіп, үшеуі арақ ішкен. Бір шөлмек түгесілгеннен кейін жездесі үйіне кетіп, әкелі-балалы екеуі арақ ішуін жалғастырған. 

Сағат 21.30 шамасында масаю салдарынан екеуінің арасында келіспеушілік туындап, әкесі «Өлтір мені» деп, екі пышақты баласына қарай лақтырып жіберген. Ұлы әкесіне «Мен сені өлтіріп, сотталғым келмейді» деп жауап берген. Бірақ әкесі қолына қалам алып, блокнотқа «Бәріне өзім кінәлімін, бала кінә...» деген сөздерді жаза бастағанда, ұлы М.Меңдіғалиевтің кеудесіне үш рет пышақ салған. Ер адам сол жерде көз жұмған. 

Сот үкімі күшіне енген жоқ.