18 қыр, 2018 сағат 11:27

Орал соты украиналық журналиске айыппұл салды

Киевтен келген журналист Александр Гороховский. Орал, 15 қыркүйек, 2018 жыл.

17 қыркүйекте Орал қаласының әкімшілік соты қалаға жас тілшілерге арналған тренингке қатысу үшін Киевтен келген журналист Александр Гороховскийге айыппұл салды. Сот Гороховский "Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстанда халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын" бұзды деп санайды.

Судья Хатима Ерсенова украиналық журналиске 60 мың 125 теңге (25 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салды. Кейін бұл сома 30 пайызға азайтылып, журналист 42 мың теңге төлеуге міндеттелді.

17 қыркүйек түске дейін болған сот процесінде Александр Гороховский өзінің тәжірибе алмасу мақсатында "Уральская неделя" басылымының шақыртуымен келгенін айтты. Оның сөзінше, кездесу пікір алмасу жағдайында өткен және ешқандай ақшалай сыйақы туралы сөз болмаған. Гороховский "семинар" сөзін полицейлер ойлап тапқанын айтады.

Сот залында полиция куәгер деп әкелген Талғат Қатауов деген адам сөйледі. Оны полиция оралдық қонақүйлердің бірінде "Украинаға қатысты семинар болып жатыр" деп хабарлаған "дереккөз" дейді. Қатауовтың сөзінше, ол полицияға ештеңе хабарламаған. "Семинар" жайлы мүлдем бейхабар, ал Александр Гороховский туралы бұрын естімеген. Ал өзінің есімі істе бар екенін таныстарынан естіген.

Гороховскийді шақырған оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров "Журналистика мектебі" екінші жыл өтіп жатқанын айтты. Ол бұл дәрістердің тегін ұйымдастырылатынын атап өтті.

15 қыркүйекте Оралдағы қонақ үйлердің бірінде өтіп жатқан "Журналистика мектебі" жобасы аясындағы жастарға арналған шараға Гороховский де қатысқан. Жиын өтіп жатқан жерге келген екі полиция қызметкері келіп, осы қонақ үйде "заңсыз конференция" өтіп жатқаны туралы белгісіз біреу телефон соққанын хабарлады.

Полиция қызметкерлері Украина азаматы Александр Гороховскийдің құжаттарын тексеріп, оның Қазақстан аумағында жұмыс істеуге рұқсат қағазы жоқ екенін айтты. Билік өкілдері Гороховскийдің үстінен әкімшілік хаттама толтырып, оны "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 517-бабы ("Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзу") бойынша айыптаған. Бұл бапта айыпты деп танылған адамға 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не он тәулікке мерзімге әкімшілік қамауға алу немесе оны Қазақстан аумағынан шығарып жiберу жазалары қарастырылған.

Полиция Гороховскийдің миграциялық картасын қайтарып берген. Ол Киевке 18 қыркүйекте қайтатынын айтты.

Азаттық