04 мам, 2021 сағат 11:30

Орал қаласына елді мекен тұрғындарының келуіне шектеу енгізілді


Орал қаласына елді мекен тұрғындарының келуіне шектеу енгізілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Соңғы аптада облыста аурудың 1 067 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Өткен аптамен салыстырғанда ауру көрсеткішінің 20 пайызға төмендегендігі байқалады. Ауруға шалдыққандарды анықтау мақсатында облыстағы 13 зертханада тәулігіне 2 мыңнан астам ПТР тестілеу жасалады. Облыс «қызыл» аймақта 1 айдан астам уақыт болғанын ескере отырып, карантиндік шектеу іс-шаралары күшейтілді. Мейрам күндері елді мекендердегі тұрғындардың облыс орталығына келуін азайту мақсатында Орал қаласында және «қызыл» аймақтағы 6 ауданда 1 мамырдан бастап 21 блокбекет орнатылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл шектеу түрі бизнес субъектілерінің жұмысына кедергі келтірмейді. Аталған блокбекеттердің жұмысы stopcovid.kz сайты және «109» қызметі арқылы толықтай автоматтандырылған. 

«Бұл іс-шаралар облыс орталығына қатынайтын тұрғындар санын 35 пайызға дейін азайтып, адам көп жиналатын іс-шараларды қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Мониторинг топтар күнделікті рейдтерін жалғастыруда. 1 сәуірден бері мониторинг топ мүшелері 665 рет рейдке шығып, 3,5 мыңнан астам нысанды тексерді. 12 мейрамхананың жұмысы 3 айға тоқтатылды. Соңғы аптада 1,9 млн теңгеге 34 хаттама толтырылды», - деді Ғали Есқалиев. 

Сонымен қатар ол өңірде вакцинациялау жұмысы қарқыды жүргізіліп жатқанын, облысқа вакцинаның 84 мың дозасы жеткізіліп, 1 компонентімен 45 205, екінші компонентпен 14 593 адам екпе алғанын айтты.